Ресей Президенті Владимир Путин Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман әл-Саудқа Ресей мен АҚШ арасында келіссөздерді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
Еуразия Тудейдің Кремльдің ресми сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ресей Президенті Владимир Путин бейсенбі, 20 ақпан күні Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман әл-Саудпен телефон арқылы сұхбатта тақ мұрагерін, Корольдік басшылығы мен халқын алдағы Сауд Арабиясының Ұлттық күнімен құттықтап, 18 ақпанда Эр-Риядта Ресей Федерациясы мен АҚШ өкілдерінің кездесуін ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
Телефон арқылы сұхбат барысында тараптар Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде сауда, инвестиция және энергетика сияқты салаларды одан әрі дамытуға қатысты тақырыптар жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, Ресей басшысы мен тақ мұрагері әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын сақтау мақсатында ОПЕК+ аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.



















