Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинетінің шешімімен ілбісті елдің ұлттық нышаны ретінде тану туралы қаулы қабылданды.
Еуразия Тудеййдің хабарлауы бойынша Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымалиев қол қойған құжатта қар барысының (ілбіс) ресми логотипін қабылдау және оны пайдалану тәртібі де қарастырылған.
Айта кету керек, бұл шешім Қырғыз Республикасы Президентінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 369 «Қар барысын Қырғыз Республикасының ұлттық нышаны ретінде тану туралы» Жарлығына сәйкес, Қырғызстанның табиғи және мәдени мұрасын көрсететін нышандарды сақтау, қорғау және насихаттау мақсатында қабылданды.
Қырғыз Республикасының Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігіне қар барысының популяциясын және оның мекендеу ортасын сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.
Меншік түріне қарамастан, барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар мен мекемелер осы қаулыны орындауы тиіс.
Қаулы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
















