Еуразия Тудейдің Ақорданың ресми Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлауынша, ертең, 22 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Давос қаласына жұмыс сапарымен барады.
Айта кетейік, мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Газа бойынша Бейбітшілік кеңесі құрылатынын мәлімдеді.
Дональд Трамп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырып, Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың атына жолдаған жауап хатында көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге келісімін растады.
Сонымен қатар, Қазақстанның Таяу Шығыста берік бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға өз үлесін қосуға дайын екенін қуаттады.



















