Қатар Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Америка Құрама Штаттары мен Иранды келісімге келуге шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қатар Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін мәлімдеді.
Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани: “Қатар бұл өңірдегі қандай да бір әскери іс-қимылды ешбір жағдайда қолдамайды. Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында дипломатиялық шешім қабылданғанша біз тоқтамаймыз. Келісімге келу қажет”,-деді.
Қатар Премьер-министрінің бұл мәлімдемесі Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың Иранмен бейбіт келісімге келуге үміт артатыны туралы сөзінен кейін жасалды.
Әл Тани америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында Таяу Шығыстағы әрбір елдің Иранның ядролық нысандарына соққы жасалу ықтималына алаңдаулы екенін айтты. Ол Иранның көршілес мемлекет екеніне тоқталып: “Иран біздің ең жақын көршіміз. Біз барлық көршілес елмен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Иранмен байланысты жақсарту аймақтың мүддесіне сай келеді”, -деді.
Сондай-ақ, Әл Тани соңғы жылдары Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдері мен Иран арасындағы екіжақты қарым-қатынаста едәуір зор ілгерілеушіліктің болғанын айтты. Оның айтуы бойынша, Тегеранның сыртқы саясатындағы кейбір келіспеушілік Парсы шығанағы елдерімен екіжақты байланысқа әсер етпейді. Сонымен қатар, Қатар Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Маджед әл-Ансари да Қатардың Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленістің артуына байланысты мәселені шешуге араағайын болуға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Трамп жұма күні Америка Құрама Штаттары Иранмен ядролық мәселе бойынша жаңа келісім жасауды немесе басқа нұсқаны қолдануды көздеп отырғанын айтты. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Трамптың бұл мәлімдемесіне қатысты: “Америка Құрама Штаттары максималды қысым көрсету және қоқан-лоқы саясатын жалғастыра берсе, біз олармен тікелей келіссөзге түспейміз”, -деп жауап берді.















