Ауғанстан халқына Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмегін табыстау рәсімі ресми түрде өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Ауғанстанның Герат провинциясындағы «Тургунди» теміржол станциясында қазақстандық «KazAID» халықаралық даму агенттігі көмегімен Ауғанстан халқына Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмегін табыстау рәсімі ресми түрде өтті.
Жалпы көлемі 272,7 тоннаны құрайтын қазақстандық гуманитарлық көмектің кезекті партиясы қант, ұн, ет консервілері, шай, көрпелер мен шатырлар салынған 26 теміржол вагонмен жеткізілді.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов Қазақстан Үкіметі Ауғанстанмен, соның ішінде гуманитарлық көмек көрсету желісі бойынша сенім мен ынтымақтастық ахуалын одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Ауған тарапы Қазақстан басшылығы мен халқына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, көрсетілген көмек жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға және елдің аса мұқтаж тұрғындары тұратын провинциялары арасында таратылатынын хабарлады.
Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің, Герат провинциясы губернаторы әкімшілігінің, сондай-ақ Ауғанстанның ұлттық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қатысты.
















