Қазақстан Еуропалық Одақ елдеріне бал экспорттайтын болады.
Еуразия Тудейдің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, тиісті қаулыны Еуропалық комиссия 2025 жылдың 21 ақпанында жариялады.
Бұл жетістікке ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің көпжылдық ерен еңбегінің нәтижесінде қол жеткізілді.
Министрлік мәліметінше, балды Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау үшін министрлік балдағы қалдық заттарды бақылау үшін арнайы Ұлттық жоспар әзірлеп, өнімнің ЕО стандарттарына сай болуы үшін көптеген семинарлар, кеңесулер мен тексерулер өткізген.
Бұл Қазақстанды Еуропалық Одаққа бал өнімін экспорттауға құқығы бар елдер тізіміне қосу үшін маңызды қадам болды.
Еуропалық Одақ елдеріне бал экспорттау үшін Еуропалық комиссия мақұлдаған талаптардың орындалуы қажет. Талаптар толық орындалған жағдайда ғана комиссия кәсіпорынды арнайы тізімге енгізеді. Бұл тізімге ену үшін аумақтық инспекцияға өтініш беріледі.
Одан кейін өтініш Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жолданған кезде “Кәсіпорынның Еуропалық Одақтың импорттық нормалары мен талаптарына сәйкестігін растайтын Комитеттің аумақтық инспекциясының кепілдік хаты.
Кәсіпорынға жүргізілген ветеринариялық бақылау және қадағалау тексерулері актілері және оның Еуропалық Одақ талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды. Кәсіпорында өндірістік бақылау жүйесі мен ХАССП жүйесінің жұмыс істейтінін растайтын құжаттар. Кәсіпорын туралы деректер көрсетілген, ағылшын және орыс тілдерінде толтырылған тиісті кесте” кұжаттары ұсынылады.
Комитет бұл құжаттарды қарап, оларды TRACES-NT жүйесі арқылы Еуропалық Одақ комиссиясына жібереді.
Еуропалық Комиссия қаулысының 2-бабына сәйкес, бұл шешім Еуропалық Одақтың ресми журналында жарияланған кейін жиырма күн өткен соң күшіне енеді.



















