Берлинде Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің 15-отырысы өтті.
Еуразия Тудейдің ҚР Үкіметі сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша отырыс барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Кеңестің тең төрағалары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс Германия Федералды канцлері Олаф Шольцтың Астанаға қыркүйек айында сапары қарсаңында өтетін іс-шараның ерекше маңызын атап айтты.
Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең ірі сауда серіктесі екені, ал Қазақстан Германияның жетекші 50 сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіретіні аталды.
ҚГІК шеңберінде тараптар 10 құжатқа қол қойды.
Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі екі елдің іскер топтарының тұрақты үйлестіру-кеңесші органы. Кеңес 2010 жылдан бастап Қазақстан экономикасына неміс инвестицияларды тартудың тиімді тетігі болып табылады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 752 кәсіпорын бар.


















