Қазақстан 2026 жылы көмір өндірісі көлемін арттырып, 128,9 млн тонна деңгейіне жеткізуді жоспарлап отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда көмір өндірісінің көлемі 115 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсті. Соның ішінде 85 млн тонна көмір ішкі тұтыну мен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталса, экспорт көлемі 30 млн тоннаны құрады.
Қазақстан көмірінің негізгі экспорттық бағыттары: Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия және басқа да елдер.
Энергетика министрлігі көмір саласына инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылы келісімшарттарға сәйкес жұмыс бағдарламалары аясындағы инвестиция көлемі 305 млрд теңгені құраса, 2026 жылы 553 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде.
Геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше назар аударылуда. Биылғы жылдың соңына дейін 10 жер қойнауы учаскесі бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру жөнінде аукцион өткізу жоспарланған.
Еске салсақ, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді және дүниежүзінде 10-орында тұр. Жалпы көмір қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Қазіргі өндіріс көлемін ескерсек, бұл қор елді 300 жылдан астам уақытқа жеткілікті ресурспен қамтамасыз етеді.












