Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдаланып, өз өнімдерін Африка елдеріне жеткізуге мүдделі.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапармен келген Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесуде мәлімдеді.
Сұхбат барысында министрлер саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, екіжақты байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлді.
«Географиялық қашықтыққа қарамастан біз сенім мен теңдікке негізделген ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытудамыз. Сауда, көлік және логистика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда жемісті ынтымақтастыққа зор әлеует бар», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Қазақстанның әлемдегі ең ірі он астық өндіруші елдің бірі және Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдаланып, астық, дәнді және майлы дақылдар, жоғары сапалы ет және органикалық өнімдерді Африка елдеріне жеткізуге мүдделі екені аталып өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды.
















