Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев бүгін 2026 жылдың маусым айының 5 күні конституциялық бес заңға қол қойды.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Президент қол қойған бірінші заң – «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы.
Заң Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды. Заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының құрылуы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Екінші заң – «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы.
Конституциялық заң Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.
Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.
Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.
Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.
Үшінші заң – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы.
Конституциялық заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды белгілейді.
Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.
Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.
Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.
Төртінші заң – «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы.
Конституциялық заң астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.
Заң шаһардың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын міндетті талаптарды айқындайды, сондай-ақ елорда тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілеттіктерін бекітеді.
Бесінші заң– «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң.
Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібін айқындайды.
Әкімшілік-аумақтық құрылымдағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстан Республикасының ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы конституциялық заңдарға 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында қол қойды.
















