Қазақстан Тәжікстанның Роғун су электр станциясынан электр энергиясын жеткізу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Астанада 2 қазанда Kazakhstan Energy Week 2025 аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Далер Жұма кездесу өткізді.
Ерлан Ақкенженов Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министріне форумға қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынасты растайтын сенімнің маңызды белгісі екенін айтты.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымын талқылады.
Қазақстандық тарап Роғун су электр станциясынан электр энергиясын жеткізу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін синхрондау мәселелерін талқылады.
















