Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнаммен кездесуінде Сингапурды сенімді серіктес деп санайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Сингапурға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Istаna» сарайында осы елдің президенті Тарман Шанмугаратнаммен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін Тарман Шанмугаратнамға алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Сингапурды сенімді серіктес деп атап, бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.
Тарман Шанмугаратнам Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасын жоғары бағалады.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты өрістету перспективалары жан-жақты талқыланды.
Екі мемлекет басшылары өзара тиімді инвестициялық жобаларды дамыту, соның ішінде екіжақты қатынастардың құқықтық базасын арттыру арқылы күш-жігер біріктіруге келісті.
Сонымен қатар тараптар білім беру және адам капиталын дамыту бағыттарындағы әріптестікті жандандыру қажеттігін қуаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға сапарында Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы сөзінде Қазақстан экономикасы тегеурінді дамып келе жатқан ел екенін атады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур географиялық алшақтығына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес екеніне баса назар аударды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен, Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеатпен, SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен, Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Амит Лохиамен, Temasek Holdings компаниясының бас директоры Дилхан Пиллэймен кездесті.
Сондай-ақ Alatau City жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.



















