Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады.
Еуразия Тудейдің Ақордаға сілтеме жасап хабарлауынша, бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, маусымның үші күні Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысында айтты.
Мемлекет басшысы тәліптерді лаңкестік ұйымдар тізімінен шығару себебін атағанда «Қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.
Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.




















