Қазақстан Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қарайды.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы бүгін, қазанның оны күні Ашхабадта Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен шағын құрамда жүргізген келіссөз барысында мәлімдеді.
Қазақстан президенті: «Түркіменстан – біз үшін туысқан ел әрі стратегиялық серіктес. Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас. Мұның алдағы уақытта да осы бағытта жалғаса беретінін атап өткім келеді. Әлбетте, біз Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қараймыз. Сіздің еліңіз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өте елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз», – деді.
Осы мәліметке сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөзде бауырлас екі ел арасындағы санқырлы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор екенін айтты.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов Түркіменстанның бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады.
Түрікменстан Президенті: «Біз Түрікменстанның сыртқы саясаттағы бейтарап бағдарына, сондай-ақ БҰҰ және өзге де жаһандық құрылымдар аясындағы халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз. Ал Түркіменстан Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы ұстанымын құптайды. Сондай-ақ, біз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына айрықша мән береміз. Энергетика, көлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар секілді маңызды бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызы зор», – деді.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.
Айта кетейік, Түркіменстанның 1995 жылдың желтоқсан айының 12 күні алған, әрі БҰҰ-ның арнайы қарарымен екі рет бекітілген тұрақты бейтараптық статусы әлемдік саясатта бірегей саналады.
















