Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия бойынша алғашқы Ми институты салтанатты түрде ашылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жаңа институт 2018 жылы құрылған ҚазҰУ-нің Когнитивтік нейроғылым орталығы негізінде ашылды. Бұл — ми қызметін зерттеу және жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы көпжылдық еңбектің нәтижесі.
Мұндағы зерттеулер әлемдік деңгейдегі заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізіледі. Олардың қатарында 3 Тесла магниттік-резонанстық томографы, ANT Neuro жоғары тығыздықтағы ЭЭГ жүйелері және функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия технологиясы бар. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау әдістері кеңінен қолданылады.
Шара барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев сөз сөйлеп, жаңа институттың отандық ғылымды дамытудағы рөліне тоқталды.
Күрішбаев бұл орталықты университет пен Ғылым академиясы арасындағы сәтті ынтымақтастықтың көрінісі ретінде бағалап, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап айтты.
Институтқа профессор Әлмира Құстыбаева жетекшілік етеді.



















