Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автокөлік тоннелі ашылып, пайдалануға берілді.
Еуразия тудейдің Көлік министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша бүгін ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автокөлік тоннелінің ресми түрде ашылуы өтеді.
Түркістан облысы Шақпақ Баба асуындағы екі жолақты тоннелдің ұзындығы 840 метрді құрайды. Ені — 11 метр, биіктігі — 8 метр.
Бұл нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жатады.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев: «Бұл – Қазақстанның көлік инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға. Еліміздегі алғашқы тоннель. Бүгін ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ Баба елді-мекенінің айналма жолына бағытталды. Бұл елді-мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді», — деді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тоннелдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру және бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункттер қарастырылған.
Сонымен қатар нақты уақыт режимінде тоннелді бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған.
Тоннелдің жанында жүргізушілер мен жолаушылардың ыңғайы үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары қарастырылған.
Автожол тоннелінің ашылуы қарсаңында 100 адам және 15 бірлік арнайы техника жұмылдырып, арнайы оқу-жаттығулары өткенін атап өткен жөн.
















