Қазақтардың көне құжаты «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бүктеме қағаз түріндегі құжат.
ЮНЕСКО мойындаған бұл бірегей артефакт қазақ елін басқарған хандардың шежіресі бай екенін аңғартады. Сонымен қатар VI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың шығу тегін және олардың өзге халықтармен қалай байланыс орнатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы мұрағат материалдары, сондай-ақ Арал теңізінің мұрағат қоры енгізілген болатын.















