Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, айқын басымдықпен көш бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттары сайлауына қатысты алдын ала нәтижелерді жариялады.
Комиссияның мәліметінше, сайлауға қатысқан 9,3 миллионнан астам азаматтың басым бөлігі «Әділет» партиясына дауыс берген. Атап айтқанда, партияға 6 528 948 сайлаушы дауыс берген, бұл жалпы дауыстың 71,17 пайызына тең.
Қалған партиялар арасында «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы 574 621 дауыс жинап, 6,26 пайыз көрсеткішпен екінші орынға шықты.
«Respublica» партиясы 509 631 дауыс немесе 5,56 пайыз жинаса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясына 478 083 сайлаушы дауыс беріп, партия 5,21 пайыз көрсеткішке ие болды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 469 058 дауыс жинап, 5,11 пайыз көрсеткіш көрсетті. Қазақстан Халық партиясы 285 395 дауыс немесе 3,11 пайыз жинаса, «Байтақ» жасылдар партиясы 97 751 дауыс алып, 1,07 пайыз нәтижеге қол жеткізді.
Сонымен қатар сайлаушылардың 2,51 пайызы бюллетеньдегі «бәріне қарсы» нұсқасын таңдаған.
Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелері бұған дейін жарияланған Еxit poll деректерімен де сәйкес келеді.
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтер әзірге алдын ала нәтиже саналады. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен нақтыланып, ресми түрде жарияланады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 14 маусымда өткен съезде бұрынғы «Аманат»партиясы «Әділет» партиясының құрамына қосылды. Партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Партия өз қызметінде елдегі реформаларды жүзеге асыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және әділеттілік қағидаттарын нығайтуды қолдайды.




















