Қырғызстан Иранға 129 тонна гуманитарлық көмек жіберді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қырғыз Республикасы зардап шеккен бейбіт тұрғындарға көмек көрсету үшін Иранға ауқымды гуманитарлық жүк жөнелтті. Бұл туралы осы елдің Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Қырғызстан үкіметі Президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен Таяу Шығыстағы жағдайдың қиындауына байланысты Иран халқына қол ұшын созып, жалпы салмағы 129 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмекті межелі жерге жөнелтті.
Гуманитарлық жүктің құрамында 66 тонна азық-түлік және 63 тонна дәрі-дәрмек бар. Көмек жеті жүк көлігімен жеткізілуде. Жүктің құрамында ұн, ет консервілері, өсімдік майы және қажет дәрі-дәрмек бар.
Гуманитарлық көмекті Иран тарапына Қырғызстанның осы елдегі елшісі Ақылбек Қылычев табыстайды.
Мұның алдында Қырғызстан Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды қақтығысты халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес бейбіт жолмен шешуге шақырды.

















