Қырғызстан Сирияға 150 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Президент Садыр Жапаровтың тапсырмасы бойынша Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті осы елдің Сыртқы істер министрлігі және Түркияның құзыретті органдарының көмегімен Сирия халқына жалпы салмағы 150 тоннадан асатын гуманитарлық көмек жеткізді.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, арнайы акция аясында Сирияға алғашқы қажеттіліктегі ұн, күріш, қант, өсімдік майы және басқа да тауарлар тапсырылды.
Бұл гуманитарлық көмек Қырғызстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға және қиын жағдайға тап болған халықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деген адалдығын растайды.
Сирия Үкіметінің өкілдері ел Президенті Ахмед Хоссейн аш-Шараа мен халқының атынан Қырғызстан Президенті мен халқына алғыс білдіріп: “Сіздердің қолдауларыңыз қазіргі уақытта ерекше маңызды. Сирия халқы Қырғызстанның бастамасын бауырластық көмектің көрінісі ретінде қабылдайды”,- деді.



















