Газа секторы мен Мысыр арасындағы Рафах шекара бекеті жаяу жүргіншілер үшін екі бағытта да ашылды.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл бекет арқылы қозғалыс Еуропалық Одақтың шекаралық көмек көрсету миссиясы өкілдерінің бақылауымен шектеулі режимде жүзеге асырылады.
Мысырдың Әл-Ихбария телеарнасының мәліметінше, қазіргі таңда шекара бекеті ресми түрде жұмыс істей бастады.
Бүгін 50 палестиналық Газа бағытына, тағы 50-і Мысыр бағытына өтеді деп күтілуде. Газаға кіру және шығу тек Израиль билігінің рұқсатын алғаннан кейін ғана мүмкін болады.
Алдағы уақытта күн сайын Газа секторынан шамамен 150 адам шығып, 50 адам кіреді деп жоспарлануда.
“Газаның сыртқы әлемге ашылған қақпасы” саналатын Рафах бекеті екі жылдық үзілістен кейін ішінара ашылып отыр. Соған қарамастан, Израиль әлі де гуманитарлық көмек пен ауыр техника тиелген мыңдаған жүк көлігінің Газаға кіруіне әдейі тосқауыл қоюда. Бұл эксклавтағы гуманитарлық дағдарысты ушықтырып, инфрақұрылымды қалпына келтіруге кедергі жасап отыр.
Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі мен халықаралық ұйымдардың мәліметінше, сектордың 16 500-ден астам жараланған және науқас тұрғыны, соның ішінде 4000-нан астам бала шетелде емделуді күтуде. Сондай-ақ, медициналық көмектің болмауы салдарынан Газада мыңнан астам палестиналық қайтыс болған.
Айта кетейік, Рафах бақылау-өткізу бекеті 2024 жылдың мамыр айынан бері жабық тұрды. Шекара бекеті Израиль басып алған Газа аумағында орналасқан.



















