Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында 2023 жылғы қазан айының 7 күні «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеретінін және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, жоба Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде елеулі рөл атқарады.
– Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын, – деді Президент.
Сонымен қатар шарада Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Телекөпір барысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау облысындағы «Мақат» компрессор станциясынан байланысқа шығып, «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының қазақстандық бөлігі дайын екенін баяндады. Өзбекстандағы «Қарақалпақия» газ өлшеу станциясынан, Саратов облысындағы «Александров Гай» компрессор станциясы мен Санкт-Петербургтегі Лахта-Центрден өзбекстандық және ресейлік газ саласының мамандары бір мезгілде онлайн байланысқа шығып, дайындық жұмыстарының аяқталғаны жөнінде хабарлады.
Содан кейін үш елдің басшылары Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосуға рұқсат берді.
















