АҚШ 2024 жылғы 23 ақпан күні Ресейге қарсы санкция тізімін айтарлықтай ұлғайтты. АҚШ президенті Джо Байденнің айтуы бойынша, бұл санкциялар Мәскеудің нарықта қымбат құн төлеуіне бағытталған.
ТАСС агенттігінің мәліметіне сәйкес, Батыс Ресейге қарсы қанша санкциялар салып, шектеулер қойса да, Мәскеу экономикасы дамуын жалғастыруда.
Соңғы санкциялар Ресейдің қару-жарақ өндірісі, қаржы және импорт секторларымен байланысты адамдар мен фирмаларға қарсы салынған.
Сондай-ақ, Навальныйдың өліміне қатысы бар деген үш шенеунік те тізімге енді.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирбидің мәлімдеуінше, Вашингтон Навальныйдың өліміне қатысты тағы басқа шара қарастырып жатқанға ұқсайды.
Сонымен қатар, осы аптада Ұлыбритания Навальный қайтыс болған колонияға жауапты алты ресейлік түрме бастығына санкция жариялады.Жаңа санкциялардың көпшілігі Кремльдің соғыс әрекетіне үлес қосып жүрген ресейлік фирмаларды шектеуді көздеген. Солардың қатарында дрондар мен өнеркәсіптік химикат өндірушілерден бастап станок импорттаушылар да бар.
G-7 елдері 2022 жылдың желтоқсан айында Ресейдің қазба отындарынан түсетін кірістерін негізге ала отырып, ресейлік мұнай барреліне 60 долларлық шектеу қойды.
АҚШ Қазына департаментінің мәлімдеуінше, Кремль үшін мұнай салығынан түсетін пайда осы шектеулер нәтижесінде 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында 40 пайыздан астам төмендеген. Алайда Халықаралық валюта қоры Ресей экономикасының өсетінін және елдің жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 2,6 пайызға артатынын болжап отыр.
Батыс елдері мен Байден әкімшілігі Ресей экономикасын тек санкциялар салумен тоқтата алмайтынына көзі жеткен тәрізді. Сондай-ақ, көптеген саяси сарапшылар да санкциялардың күші жеткіліксіз деп санайды.
Корнелл университетінің экономисі Эсвар Прасад соңғы санкциялар Ресей экономикасына немесе оның соғыс әрекеттерін басуға шектеулі әсер ететінін айтады. Ресей мен Украина соғысына байланысты АҚШ пен Еуропа Киевке көмек қолын созғанның өзінде, Ресейге қанша қысым жасалса да оқ-дәрілер мен әскер саны жағынан Ресей әлі де басым болып отыр.
Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының аға ғылыми қызметкері Дара Массикоттың математикалық есептеуі бойынша, Ресей адам күші бойынша – 2:1, соғыстағы күші тұрғысынан 5:1 артықшылыққа ие. Бұл математикалық есеп Украинаның соғысу мүмкіндігі үшін қиындық туғызады. Украина бүгінде шетелдің үлкен көмегін қажет етеді.
Жаңа санкциялар алдағы уақытта Ресей зауыттарының өндірісін шектегенімен, Украина армиясындағы адам күші мен қару-жарақ тапшылығындағы мәселесін жоя алмайды.
The Wall Street Journal сарапшылары бүгінде Ресей санкция жағдайында өмір сүруге бейімделіп алғанын айтады. Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа санкциялар да Ресейді айтарлықтай әлсіретпейді. Тек санкциялық тауарларды жеткізудің схема-тізбектерін ұзартады, сәйкесінше өнімнің құны қымбаттайды.
Батыс ендігі кезекте АҚШ қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемоның түсіндіруінше, Ресейге қажет тауарларды тасуға көмектесетін үшінші елдердің компанияларын жазалауды көздеп отыр.
Жалпы, Батыс ендігі күресте Ресейдің серіктестеріне соққы беру бағытына қарай бұрылмақ. Сарапшылар АҚШ пен Еуропа Ресейге көмектесетін елдерге тұтасымен санкция салмаса да, соққылар нақты болып, салдарынан ірі компаниялар, жүйе құраушы банктер зардап шегіп, нәтижесінде банкрот болуы мүмкін деген болжамда.












