Сарапшылар Ресейдің 2023 жылғы экономикалық өсіміне қатысты сараптама жасап, Ресей Қытайдың экономикалық отарына айналып бара жатыр деген тұжырым жасады.
DW агенттігінің мәліметіне сәйкес, экономика саласының сарапшысы Янис Клугенің «Ресей-Қытай экономикалық қатынасы. Мәскеу тәуелділік жолында» атты көлемді зерттеу жұмысында 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі Қытай мен Ресей экономикасы қарастырылған. Сарапшы пікірінше, Бейжің Ресейге технология саласында инвестиция салып, оны дамытуға ниетті емес.
Сарапшы Қытай Ресейді шикізат сататын тәуелді елге айналдырады деген болжамда. Янис Клуге салдарынан Ресей Қытайдың дайын өнімін сатып алатын елге айналатынын, Ресейде сырттан келетін арзан өнімді сатып алатын қоғам қалыптасып, ішкі өндіріс күші азая беретінін айтады.
Қытайдың осы саясатынан сақтанған Еуропа және АҚШ соңғы кездері өз нарығын Қытай тауарлары үшін жабуға талпынып жатқаны белгілі. Ресей билігі болса Бейжіңге қатысты ондай ұстанымда емес.
Сарапшы Янис Клугенің айтуы бойынша, 2000 жылы Ресейде Қытай өнімінің импорттық үлесі 10 пайызға жетпеген, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 35 пайыздан асқан.
Сондай-ақ, Қытайға Ресей сататын тауар үлесі де жалпы саталымдағы тауар үлесінің 31 пайызын құраған. Ресейдің жалпы экспорт-импорт қатынасында Қытай үштен бір бөлікті алып жатыр.
Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіш арта береді. Ресей мұнайын сатып алу бойынша соғысқа дейін бастапқы орында ЕО болса, қазір Қытай бірінші орынға шыққан.
Газ саудасында да дәл солай. Янис Клугенің пікірінше, Ресейдің Қытайға тәуелділігінңғ күн санап артуымен Мәскеу Бейжіңнің экономикалық отарына айналуда.
Сарапшы Украина соғысы ұзаққа созылған сайын Ресейдің Қытайға тәуелділігі арта беретінін айтады.
Ресей Украинаға басып кірген сәттен бастап Батыс компаниялары біртіндеп Ресей нарығынан кете бастады. Осы сәтте Бейжің дереу арада батыстық компаниялардың орнын басып, киім, автокөлік, құрылыс салаларында өз тауарын ұсынды.
Қазіргі уақытта Ресей нарығындағы сатылымға шыққан жаңа көліктердің 80 пайыздан астамы қытайлық өнімдер. Сарапшылар дәл осы қарқынмен жалғаса беретін болса, Ресей алдағы 5 жылда Қытайдың автөкөлік саласына тәуелді болады деген пікірде. Сарапшылар екі ел сауда қатынасында доллардан бас тартып, сауданың басым бөлігі юаньмен іске асқандықтан, Ресей нарығындағы Қытай валютасының күшейіп келе жатқанын да айтып отыр.
Жалпы, Украинадағы соғыс басталғаннан бері Ресей экономикасы біртіндеп Қытайға тәуелді бола бастады. Бұл сыртқы сауданың динамикасы мен юаньның біртіндеп өсіп келе жатқан рөлінен көрінуде.
Халықаралық санкциялар салдарынан Ресей сыртқы әлемнен оқшауланған сәтте Бейжің Мәскеудің маңызды серіктесіне айналды. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, алдағы 10 жылда Ресейдің Қытайға тәуелділігі барлық саладан айқын көрінеді. Тәуелділік жеңіл өнеркәсіптен бастап, шикізат сатып алуға дейінгі аралықты қамтитын болады деген болжам бар.



















