Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Ресей Федерациясы мен АҚШ бүгін, 27 ақпанда Ыстамбұлда елшілік жұмысы бойынша кездесу өткізетінін айтты.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, ресейлік және америкалық дипломаттар 27 ақпан күні Ыстамбұлда кездесіп, екі ел елшіліктерінің жұмысындағы мәселелерді талқылайды.
РФ СІМ басшысы Лавров Қатарға сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде: “Кездесу 27 ақпанда Ыстамбұлда өтеді.
Дипломаттарымыз бен жоғары деңгейдегі сарапшыларымыздың бұрынғы АҚШ әкімшілігінің Ресей елшілігінің қызметіне кедергі келтірген заңсыз әрекеттерінің салдарынан туындаған жүйелі мәселелерді талқылау үшін АҚШ дипломаттарымен кездеседі”, — деді.
Лавровтың айтуынша, Ыстамбұлдағы кездесу қорытындысы бойынша тараптардың қаншалықты жылдам әрі тиімді әрекет ете алатыны белгілі болады.
Айта кетейік, Ресей мен Америка делегациялары 18 ақпанда Эр-Риядта келіссөз жүргізді. Келіссөзге Ресей атынан осы елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Ресей Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков, Тікелей инвестиция қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты.
АҚШ атынан Президент Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майк Уолтц, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Америка басшысының Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысқан болатын. Кездесу Сауд Арабиясы корольдік әулетінің сарайларының бірі Альбасатин кешеніндегі Дирияда өтті.
Лавров Вашингтон өкілдерімен болған кездесуді “өте жемісті” деп бағалап, Ресей мен АҚШ екі ел астаналарындағы елшілерін тезірек тағайындауды қамтамасыз етуге келіскенін айтты.
Сонымен қатар, Рубио да келіссөз қорытындысы бойынша Ресей мен АҚШ Мәскеу мен Вашингтондағы елшіліктеріндегі дипломатиялық құрамының бұрынғы санын қалпына келтіруге келіскенін мәлімдеді.
Екі елдегі елшілік қызметкерлерінің санын қысқарту Вашингтонның Ресейде “жүйелі түрде тежеу” бағытын белгілеген 2014 жылдан кейін басталған болатын.


















