Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу 15 қаңтар күні Иранның Қорғаныс министрі Мохаммад Аштианимен әскери ынтымақтастық мәселесін талқылады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің Телеграмдағы мәліметіне сәйкес, телефон арқылы сұхбаттасу барысында тараптар екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сергей Шойгу Мәскеу мен Теһранның көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастыру бойынша қадамдар жасаудағы бірлескен күш-жігерінің артқанын атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар сұхбат барысында Ресей мен Иран қарым-қатынасының негізгі қағидаттарын, соның ішінде бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сөзсіз құрметтеуді ұстанатындықтарын атап көрсетті.
Interfax.ru агенттігінің хабарлауы бойынша Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова соңғы уақытта Ресей мен Иран стратегиялық серіктестік туралы келісім бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Бұған дейін де Ресей мен Иран президенттері Владимир Путин мен Ибраһим Раиси қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады.
















