Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа 15 қазанда Араб мемлекеттері лигасына мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өтетін Ресей-Араб лигасының саммитіне қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новактың Сирияға жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Александр Новак Дамаскке сапары барысында Ахмед аш-Шараамен, Сирия президенті аппаратының Бас хатшысы Махер аш-Шараамен және Сирия Сыртқы істер министрі Асад аш-Шейбанимен кездесті. Премьер-министрдің орынбасары кездесуде Сирия тарапын сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын қайта бастауға шақырды.
Сапар қорытындысы бойынша Ресейдің Сирияның жаңа әкімшілігіне елдің энергетикалық секторын қалпына келтіруге және оны отынмен, азық-түлікпен және фармацевтикалық өнімдермен қамтамасыз ету бойынша бірқатар жобаны іске қосуға көмектесуге дайын екендігі белгілі болды.
Жалпы, Ресейдің Сирияның жаңа әкімшілігімен қарым-қатынасы соңғы жарты жылда қарқынды дамып келеді.
Ахмед аш-Шарааның Ресейге саммитке қатысу үшін келетіні туралы 31 шілдеде Мәскеу қаласында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Асад әл-Шейбанидің ресми кездесуінде талқыланды.
Кездесуде министрлер екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылады.
Ресей мен Сирия Қорғаныс министрлері Андрей Белоусов пен Мархаф Әбу Қасра да сол күні Мәскеуде кездесті. Министрлер өзара іс-қимыл келешегін, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады.
SANA агенттігінің хабарлауынша, кейін әл-Шейбани бастаған Сирия делегациясы Кремльге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
Сонымен қатар, Владимир Путин Ахмед аш-Шараамен телефон арқылы сөйлесіп, Мәскеудің Дамаскке әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, соның ішінде гуманитарлық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Сарапшылар Сириядағы биліктің күшпен ауысуы екіжақты қарым-қатынасты үзуге себеп емес екенін айтады.
Сарапшы Кирилл Семенов Ресейдің Сирия аумағында болуының маңыздылығын айтып: “Егер Ресей Сириядан кетсе, Американың Ауғанстаннан кетуін еске түсіретін жағдай туындауы мүмкін. Америкалықтардан айырмашылығымыз, біз Сириядағы барлық позициямызды прагматикалық түрде сақтаймыз”, — деді.
Экономикалық ынтымақтастық серпіні де біртіндеп қалпына келтірілуде. Семенов бұл байланыс Асад билігі кезіндегіден де серпінді дами алады деп болжайды.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы әскери сала болуы мүмкін. Семенов атап өткендей, Сирия Ресейден қару-жарақ сатып алуға мүдделі.
Жалпы, Ресей Сирия қоғамының барлық қиындығын түсіне отырып, Дамаскпен қарым-қатынас деңгейін сақтауға мүдделі.


















