Ресей президенті Владимир Путин 9 қазанда Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мәлімдеді.
Панкин: “Алдағы сапар екі ел арасындағы көпжақты байланысымыздың дамуына жаңа қуатты серпін беріп, екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа жолдарын анықтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін”, — деді.
Путиннің Тәжікстанға сапары барысында мемлекет басшылары екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
Ресей мен Тәжікстан саяси, экономикалық, әскери және гуманитарлық салаларда тығыз ынтымақтастықты қолдайды. Ресей Федерациясы Тәжікстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады.
Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстанға соңғы рет 2022 жылдың 28 маусымында жұмыс сапарымен барды.


















