Ресейде оқитын ирандық студенттердің саны артып, ресейлік жастар Иранда білім алуға ұмтылуда.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, шетелде тұратын отандастар және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі федералдық агенттік басшысының орынбасары Павел Шевцов ИРНА агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Павел Шевцовтың сұхбатының мәтіні төмендегідей:
Бұл үдерістің қарқын алып жатқанына өте қуаныштымыз деп айта аламын. Әрине, қазір көптеген ирандық жастар әртүрлі мамандық бойынша Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуда. Соның ішінде, медициналық, шығармашылық және техникалық мамандықтар өте танымал. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Үкіметінің бөлген квотасы бойынша Россотрудничествоның гранттық бағдарламасы бар. Бірақ көптеген жастар Ресейге өз бетімен барып оқиды.
Біз қазір Ресейден Иранға оқуға барған жас жігіттер мен қыздардың беталысын көріп отырмыз. Өйткені, біз қазір Иранның өте серпінді, белсенді дамып келе жатқанын, соның ішінде технологияларының дамып жатқанын көріп отырмыз. Бұл Ресей Федерациясының жастары үшін өте қызық.
Мен бұл беталыстың қарқын алатынына сенімдімін. Біз ерте ме, кеш пе, Иранға оқуға баратын жастар мен Ираннан Ресей Федерациясына оқуға келетіндер арасындағы тепе-теңдікті көреміз.
Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас өте динамикалық түрде дамып келеді.
Иранның мәдени күндерін Ресейде, Ресейдің мәдени күндерін Иранда өткізу сияқты шаралар екі ел халқына бір-бірінің мәдениетін, ғылымын жақынырық тануға, сондай-ақ бір-бірін жақсырақ түсінуге бағытталған бағдарламалар туралы көбірек білуге ықпал етеді. Себебі, Ресей Федерациясы мен Иран Ислам Республикасы — тарихы мен мәдениеті өте бай мемлекеттер. Біздің бір-бірімізге көрсете алатын нәрселеріміз бар. Сонымен қатар, Иранда Ресейдің мәдени күндерін өткізу ирандықтарға елімізді танып білуге, онымен жақындасуға ықпал етеді.
Ресей көптеген аймақтан тұратын үлкен мемлекет болғандықтан олардың әрқайсысының өзіне тән діні, мәдениеті және дәстүрі бар. Мен ирандық аудитория үшін мұндай шаралар өте қызық болады деп ойлаймын. Себебі, бұл Ресейді Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты қалаларымен ғана емес, Ресей Федерациясының қазіргі заманғы ерекшеліктерімен тану үшін тамаша мүмкіндік қалыптастырады.












