Ресейде бірқатар себепке байланысты бензинді экспорттауға алты айға уақытша тыйым салынды.
«Ведомости» басылымының хабарлауы бойынша, қабылданған шешім көктемгі дала жұмыстарына, демалыс маусымына және мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы жөндеуге байланысты жоғары сұраныс кезеңінде отын нарығындағы тұрақты жағдайды сақтауға бағытталған.
Ресейде бензинге деген шектеу 1 наурыздан 31 тамызға дейін енгізілді. Үкімет бұл шектеудің Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен, Моңғолстан, Өзбекстан, Абхазия және Оңтүстік Осетиямен бұған дейін жасалған келісімдерге қатысы жоқ екенін айтты.
Сонымен қатар, Ресей Үкіметі биржалық саудада дизельді сатудың минималды көлемі қолданыстағы 12,5 пайыздан 16 пайызға дейін өсетінін хабарлады. Бұл ұсыныс бәсекелестік шарттардағы мәмілелердің үлесін арттырады.
Бензин экспортына уақытша тыйым салуды Ресей вице-премьері Александр Новак ұсынған.
Ресей БАҚ-ы 27 ақпан күні елдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы бірқатар оқиғадан кейін, соның ішінде дрондардың шабуылына байланысты бензин шығаруға тыйым салынатынын жазды.
Олардың ішіндегі ең маңыздысы қаңтар айының басында елдегі ең ірі жоғары октанды бензин өндірушілердің бірі «Лукойл» зауытында технологиялық қондырғының тоқтауы болды.
Ақпан айының басында Энергетика министрі Николай Шульгинов 20 ақпанда мұнай өңдейтін бірнеше зауытта жоспардан тыс жөндеу жұмыстары болатынын ескертті.
Ресей бұған дейін ішкі нарықтағы отын дағдарысымен күресу үшін 2023 жылы 21 қыркүйектен 17 қарашаға дейін бензин экспортына тыйым салды. Сол кездегі себептердің бірі ретінде биржадан отын сатып алып, оны шетелге сататын компаниялардың жандануы деп түсіндірді.
Ресейдің бензин экспорттауға қатысты шектеуі мұнай өңдеуші зауыттардағы ақауларға байланысты.












