Қырғызстан Ресейден С-300 зениттік зымыран кешенін алды.
Еуразия Тудейдің Известия басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов мәлімдеді.
Марат Иманқұлов: “Бізде біріккен аймақтық әуе қорғаныс жүйесі жұмыс істейді. Біз енді С-300 кешенінің элементтерін алдық. Қазір олар Қырғызстан аумағында”,- деді.
Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының айтуынша, зениттік зымыран кешендері алғаш рет 8 мамыр күні Бішкекте Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта ресми түрде таныстырылуы мүмкін.
Ресейден Қырғызстанға С-300 зениттік зымыран кешенін жеткізу туралы келісімге 2021 жылы Президент Садыр Жапаровтың Ресейге сапары кезінде қол қойылды.
2023 жылдың қараша айында біріккен аймақтық әуе қорғанысы жүйесін құру туралы келісім күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, Ресей ұжымдық қауіпсіздік аймағында біріккен аймақтық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі әскерлерінің әрекеттерін үйлестіреді, ал Қырғыз Республикасы бұл әрекеттерді басқарады.
Әскерлер мен техниканы орналастыру үшін Қырғызстандағы Ресейдің Кант әскери базасының жанынан 5 гектар жер телімі бөлінген.
Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков 2023 жылы біріккен аймақтық әуе қорғаныс жүйесін құру туралы келісімді “аймақтың қауіпсіздігін нығайтудағы үлкен жетістік” деп атады.
Келісімде тұрақты түрде бірлескен оқу-жаттығулар өткізу, жеке құрамды ұрыста іс-қимыл жасауға үйрету және әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникасын жаңарту қарастырылған.
Ресей қаржылық, материалдық және техникалық барлық шығынды өз мойнына алады.
Қырғызстан Қарулы күштері Бас штабының бұрынғы басшысы Руслан Мукамбетов 2024 жылы Бішкектің Ресей Федерациясынан С-300 кешенін алатынын растады.




















