Сағди Ширази — сөзі бүгінгі күнге дейін адам баласына адамгершілік пен әлеуметтік өмірдің темірқазығы болып келе жатқан хәкім.
Еуразия Бүгіннің хабарлауы бойынша сәуірдің 21-і (1-ші ордибеһешт) – Иран күнтізбесінде ұлы шайыр Сағди Ширазиді еске алып, есімін жаңғыртып, ұлықтайтын күн.
Ордибеһешт айының алғашқы күні — тек парсы әдебиетінде ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінде ойып орын алатын шайырды еске алып, есімін жаңғыртып, ұлықтайтын күн.
Сағди Ширази һижра жыл санағы бойынша VII (миләди жыл санағы бойынша XIII) ғасырда өмір сүрген парсы ақыны, жазушы.
Сағди һижра бойынша 655 жылы (миләди 1257 ж.) өзінің атақты «Сағди-наме» немесе «Бустан» шығармасын өлеңмен өрнектеп жазып шықты. Ал келесі жылы, яғни 656 жылы (миләди 1258 ж.) «Гүлстан» туындысын тәмамдады.
Сағдидің шығармалары — даналық пен адамсүйгіштіктің озық үлгісі. Сағди «Гүлстан» мен «Бустан» сияқты мәңгілік туындылары арқылы бүкіл әлемге ауызбіршілік пен кеңпейілділіктің мәңгілік үндеуін таратты.
Сағдидің пайымдауынша, бейбітшілік — адамзат өмірінің жалғасуы үшін ең басты қажеттілік. Ол сырттай жұмсақ көрінгенімен, шын мәнінде қылыштың жүзіндей өткір тілімен қоғамда қатыгездік пен іріткі салуды айыптап, оның орнына төзімділік пен сұхбатты ұсынады.
Ол әлемге адамгершілік көзімен қарап, бейбітшілікті құтқару жолы, ал елжандылықты қоғам тұрақтылығының негізі санады. Сұхбат пен өзара түсіністік аса қажет болып отырған бүгінгі заманда Сағди ілімін қайта оқу — жай ғана таңдау емес, нағыз қажеттілік.
«Адам баласы — бір дененің мүшесі.
Өйткені олар бір негізден жаратылған».
Сағдидің бірлік пен адамгершілікке шақыратын осынау әйгілі өлең жолдарын адамзатқа қалдырған ең ұлы аманаты деуге болады.
Өлеңде адамзаттың барлығының бір топырақтан жаратылғаны, сондықтан бір адамның жаны ауырса, ол бүкіл адамзаттың қабырғасына батуы тиіс екені айтылады. Ақынның осы сөзі бауырластық пен ізгіліктің символы ретінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің кіреберісінде қашап жазылған.
Сағдидің “Гүлстан” мен “Бустаннан” бөлек қасидалары, ғазалдары, қыталары, таржибандтары, рубаилары, мақалалары мен араб тілінде жазған қасидалары бар. Ақынның аталған туындыларының барлығы оның «Коллият» атты толық жинағына енген.
















