Таяу Шығыс елдері мәселелері бойынша сарапшылар Anadolu агенттігіне берген сұхбатта Иранның Керман қаласында болған қанды жарылыс туралы пікірлерімен бөлісті.
Мармара университетінің Таяу Шығыс және Ислам елдерін зерттеу орталығының сарапшысы Серхан Афаджан Израильдің бұрын Иран жерінде көптеген лаңкестік және диверсиялық операциялар жасағанын айтты.
Сарапшы мысал ретінде ирандық ядролық физик Мохсен Фахризаданың 2020 жылдың күзінде Теһранның дәл қақ ортасында өлтірілгенін және 2022 жылы Шираз қаласындағы Шаһ Черақ ғибадатханасына шабуыл жасалғанын келтірді. Сарапшы жарылыстардың сипатына қарағанда, оның артында ДАИШ сынды лаңкестік топ тұрғанымен, ДАИШ-ты пайдаланып, бұл шабуылдарды басқа ел ұйымдастыруы да мүмкін деген пікір айтты.
Сондай-ақ, сарапшы Иран президентінің Кермандағы лаңкестік әрекеттерге байланысты кейінге шегерілген Түркия сапарының өте маңызды екендігін атап өтті.
Сарапшы Иран мен Түркия терроризмге қарсы күресте біртұтас саясатқа қол жеткізуі керек деген пікірде.
Сакария университетінің Таяу Шығыс институтының ғылыми қызметкері, сарапшы Мұстафа Джанер Кермандағы лаңкестік әрекетті ұйымдастырушы ретінде бірінші Израильдің еске келетінін айтады.
Себебі, сарапшының пікірінше, Израильдің тыңшылық агенттігі «Моссад» Иранда соңғы жылдарда орын алған көптеген вандализм мен террорлық актілерге жауапты деп танылды. Алайда сарапшы Кермандағы кешегі күнгі жарылыстар Израильдің Иранға қарсы бұрынғы әрекеттеріне ұқсамайтынын да айтты.
Сонымен қатар, ирандық сарапшы Эрфан Ладжеварди Кермандағы шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алған ДАИШ террористік тобының жақында жасаған мәлімдемесіне талдау жасап, ДАИШ-тің бұл шабуылға қатысы бар екендігі туралы мәлімдемесі осы уақытқа дейінгі топ өкілдерінің жасаған мәлімдемелерінен мүлдем өзгеше болғанын атап өтті.
Сарапшының айтуы бойынша, ДАИШ лаңкестік тобы өзінің бұрынғы мәлімдемелерінде ешқашан «Иран» сөзін қолданбаған және бұл сөздің орнын басқа терминдермен алмастырған.
Эрфан Ладжевардидің талдауы бойынша ДАИШ мәлімдемесі жарияланғанға дейін алты сағат бұрын Израильдің барлау қызметіне қатысты Twitter аккаунтында бұл террористік актіні ДАИШ жоспарлағаны туралы ақпарат пайда болған, яғни, израильдіктер бұл жарылыс туралы ДАИШ мәлімдемесін жариялағанға дейін хабарлаған.
Сарапшы сондай-ақ, ДАИШ ұйымы жариялаған мәлімдемеде террористердің жүздерінің жасырылғанын, бұл бұрын-соңды болмаған жағдай екендігін айтты.
Оның айтуынша, ДАИШ тобының фильмдеріндегі суреттер бұған дейін ашық жарияланып келген. Эрфан Ладжеварди бұл жолы ДАИШ ұйымы террористердің нақты қандай тұлғалар мен шетелдік барлау ұйымдарымен байланысын жасыру мақсатында осындай саясатты қабылдаған болуы әбден мүмкін деген ойын да білдірді.
Сондай-ақ, сарапшы ескере кететін жайттың бірі ретінде бір тәуліктен астам уақыт бойы ешкім террорлық шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алмағанын айтты.
Оның пікіріне сәйкес, ДАИШ әрқашан жауапкершілікті бірден өз мойнына алып, тиісті мәлімдеме жасайды.
3 қаңтар күні Керман қаласында екі бірдей лаңкестік жарылыс орын алып, 100-ден астам адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жарақат алды.
















