Соңғы уақытта Қытайдағы ауыр экономикалық дағдарыстың дамуы туралы әртүрлі мәліметтер пайда болды. Халықаралық рейтингтік Moody’s агенттігі мемлекеттердің қаржылық мүмкіндіктерін бағалап, өз болжамымен бөлісті.
Инвесторлік бағыт-бағдар беретін агенттік бұл жолы Қытай экономикасына қатысты жағымсыз болжам жасады. Қытайдың несиелік рейтингін Moody’s «тұрақты» көрсеткішінен «жағымсыз деңгей» көрсеткішіне дейін төмендетті.
Мұндай болжам жасауға басты себеп болған Қытайдың үздіксіз өсіп отырған ішкі және сыртқы қарызы. Пандемиядан кейін экономиканы өсіруге барын салған Қытай билігі жергілікті кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жаппай несие таратып, мемлекеттік кәсіпорындарға да берілетін шексіз несие санын арттырды.
Аталмыш тараптар экономикалық өсім көрсетуде қиындыққа тап болуда. Әсіресе ішкі нарықтағы жылжымалы мүлік саласына салынған қаржы өзін ақтамады. Соңғы уақытта сатып алу азайған, ал жылжымайтын мүлік салуға мемлекет көп көлемде несие таратты.
Moody’s агенттігінің болжамы бойынша 2024-2025 жылдары Қытайдың ЖІӨ-і 4%-ға өспек. Ал кейін 2030 жылға дейін ол көрсеткіш 3,5-3,8% аралығында болады деп болжануда. Алайда Қытай билігі кемі жыл сайынғы өсім 5%-дан төмен болмауы тиіс дейді.
Экономика саласының сарапшылары 70-жылдардан бастап арзан жұмыс күші және сырттан құйылған орасан инвестиция Қытайдың экономикасын өсіргенін, енді бұл артықшылықтар Қытайдан кете бастағанын айтты.
Тамыз айындағы мәліметтер Қытай экспортының қатарынан 3 ай, ал импорты қатарынан 5 ай бойы қысқарып жатқанын көрсетті. Бұған қоса, елде азық-түліктен бастап, жылжымайтын мүліктерге дейін көптеген тауар құны арзандау үдерісіне өтті.
Бір қарағанда, зат бағасының арзандауы тұтынушылар үшін тиімді жағдай болып саналуы мүмкін. Анығында, бұл алып нарықтың сатып алу қабілетінің айтарлықтай төмендегенін, тіпті дефляцияның белгілері қатарында аталуда. Бағаның тұрақты төмендеуі экономика моторы саналатын іскерлік белсенділіктің әлсірегенін көрсетеді. Бұл жағдай Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығында анық байқалуда.
Си Цзиньпин қазан айында экономиканың өсімі бірден тоқтамау керектігін айтып, тапсырма берген болатын. Сол сәтте бюджет дефициті рекордтық негізде артты. Мамандардың пікірі бойынша Қытай бюджетінің тапшылығы соңғы 30 жылдағы ең рекордтық көрсеткішке жетті.
Қытайдағы экономиканың баяулауы назар аударарлық жайт. Себебі, Қытайдағы баяулау әлемдік экономиканы бағалауға тікелей әсер етеді. Қытай экономикасы соңғы 40 жылда әлемдік экономиканың өсуінде қозғаушы мотордың бірі болды. Бірнеше он жыл қатарынан тұрақты әрі жоғары өсімнің баламасына айналды. Бұл жаһандық экономикалық өсімнің Қытай экономикасының өсуіне белгілі деңгейде тәуелді қатынасты түзіп шықты.
Халықаралық инвестициялық кеңес беруші тәуелсіз орталықтың бірі BCA Research бағалауынша, 2012-2022 жылдар арасында Қытай жаһандық экомикалық өсімнің 40 пайызын иелеген. Еуропадағы ең алдыңғы экономикаға ие 20 елдің үлесі 9 пайыз. Ал әлемдегі бірінші экономика саналатын АҚШ-тың өзі жаһандық өсімнің 22 пайызын ғана құраған.
Сондай-ақ, Қытай ең үлкен тұтынушы нарық ретінде де маңызды. Қытай — әлемдегі ең ірі тұтынушы нарық. Үндістан халқының саны одан асып түскенімен, сатып алу қабілеті жағынан салыстырғанда, Қытай шетелдік өндірушілерді өзіне көбірек баурайды.
АҚШ президенті Джо Байден Қытай экономикасының қазіргі жағдайын «уақыт бомбасы» деп атады. Байден Қытай билігінің жоғары деңгейдегі жұмыссыздық және жұмыс күшінің қартаюымен күресіп жатқанына көбірек назар аударып, Қытайдағы жағдай әлем экономикасы үшін қауіпті болуы мүмкін деп ескертті.
Кейбір сарапшылар бұның салдары 1990 жылдардағы Жапонияның дефляциясының әсері және 2007-2008 жылдары АҚШ-та басталған қаржылық дағдарыс әсерімен деңгейлес немесе одан да ауқымды болады деп санайды.
2023 жылы Қытай билігі мемлекеттік облигацияларды қосымша саудаға шығарып, триллион юаньға сатты. Бұл бюджеттегі тапшылықты еңсеру үшін жасалды. Дегенмен Moody’s агенттігі Қытайдың ұзақмерзімді суверенді облигацияларын А1 деңгейінде қалдырып, оң бағалады.
Fitch Ratings Ltd. пен S&P Global Ratings агенттіктері де бұл көрсеткішті оң бағалап отыр. Сарапшылар Қытай экономикасы әлемдегі үздік экономикалардың бірі болып қалатынын, алайда ендігі өсімі баяулай беретінін, Қытайды Жапония экономикасының жолы күтіп тұрғанын айтуда.
Жалпы, АҚШ серіктестерімен бірге Қытайдан бірқатар негізгі тауарлар мен компоненттерді жеткізуге тәуелділікті азайтуда. Өткен жылы Қытайда еуропалық компаниялардың 11%-ы жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар тағы компаниялардың 10%-ы осы жылдың соңына дейін штаб-пәтерін Қытайдан жақын елдерге көшіруді жоспарлап отыр.
Америкалық «Apple» компаниясы өз өндірістерін ішінара Қытайдан шығарды. Apple үшін Үндістанда iPhone 15 жаңа моделін шығару жаңалық емес, себебі өткен жылы америкалық технология алыбы және смартфон өндірушісі Үндістанда iPhone 14 үлгілерін шығаруды бастады.
Батыс елдері Қытайға соңғы технологияларды жеткізуге шектеулер енгізді. АҚШ өзінің одақтастарымен бірге Қытайды Үндістан мен Вьетнамға ауыстыруға шешім қабылдаған сияқты.



















