Иранның Мешхед қаласындағы Сауд Арабиясының консулдығы ресми түрде өз жұмысын қайта бастады.
IRNA агенттігінің Иранның Сыртқы істер министрлігінің дереккөзіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Сауд Арабиясының Мешхедтегі консулдығы 12 тамыздан бастап жұмысын қайта бастаған.
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ғимарат шаһардағы қонақүйлердің бірінде орналасады.
Айта кетсек, бұған дейін Сауд Арабиясының Теһрандағы елшілігінің 6 тамыздан бастап өз жұмысын қайта бастағандығы туралы хабарланған еді.
Ал, маусым айында Эр-Риядтағы Иран елшілігінің ашылу салтанаты өтті.
Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас 2016 жылы Эр-Риядта корольдікті сынаған ықпалды шиит уағызшысы Нимр ан-Нимр өлім жазасына кесілгеннен кейін шиеленісе түсті. Бұл жағдайдан кейін Теһранда демонстранттар Сауд Арабиясының елшілігіне шабуыл жасап, Эр-Рияд Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген болатын.
Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы жеті жылдық ресми байланыстың болмауынан кейін наурыз айында Қытайдың делдалдығымен Теһран мен Эр-Рияд арасындағы дипломатиялық қатынастар қайта қалпына келтірілді.

















