Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Израильдің Филадельфия дәлізі туралы пікірлерін айыптап, Мысырға қолдау білдірді.
Еуразия Тудейдің Saudi Press агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Тель-Авивтің мәлімдемелерін Израильдің халықаралық заңдар мен нормаларды одан әрі бұзуын ақтауға бағытталған әрекет деп атады.
Сондай-ақ, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Израильдің арандатушылық мәлімдемелерінің салдары Мысырдың, Қатардың және АҚШ-тың атысты тоқтатуға бағытталған арағайын әрекеттеріне нұқсан келтіруі мүмкін екенін де ескертті.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінің соңында Палестина халқының қайғы-қасіретін тоқтатудың маңыздылығын айтып, палестиналықтардың өзін-өзі анықтау құқығына қол жеткізу және 1967 жылғы шекаралар негізінде Тәуелсіз Палестина мемлекетін құру үшін үйлестірілген халықаралық күш-жігерді ілгерілету қажеттігін қуаттады.
Бұған дейін Мысыр Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Каир Нетаньяхудың пікірлерімен үзілді-кесілді келіспейтіндігін білдіріп, оның атысты тоқтату туралы келісімге келуге тосқауыл қоюға тырысып жатқанын баса айтқан болатын.
Мысырдың мәлімдемесінде Израильдің министрлер кабинетін жағдайдың шиеленісуіне әкелетін осындай мәлімдемелердің салдары үшін айыптайтыны айтылған.
Мысыр бұл мәлімдемені Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху дүйсенбі күні ХАМАС Мысыр мен Филадельфия дәлізі арқылы қару алып жатыр деген мәлімдемесінен кейін жасады.
Соңғы кезде Мысырдың сионистік режимнің Газа секторының оңтүстігіндегі Рафахқа жасаған шабуылдарынан еліне мәжбүрлі көші-қон толқынының пайда болуына алаңдаушылығы күшейе түсті. Каир Израильге Рафахқа жасаған құрлықтағы шабуылдарының салдары мен қаупі туралы бірнеше рет ескертті.












