АҚШ Сенатындағы демократтар партиясының өкілі Чак Шумер Иранға қарсы соғысты тоқтатуды талап етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ сенатындағы демократиялық азшылық жетекшісі Чак Шумер бұл туралы кеше, сейсенбі күні Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Шумер президент Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды қайта бастауын сынға алып, қақтығысты дереу тоқтатуды талап етіп: «Дональд Трамптың Иранмен жасаған «өзара түсіністік туралы меморандум» деп аталатын құжатының сиясы кеппей жатып, күлі көкке ұшты.
Өкілдер палатасы мен Сенат әскерімізді қауіпті аймақтан шығару және бұл соғысты дереу тоқтату үшін дауыс берді. Трамп бұл шешімге бағынуы тиіс. Жетер енді. Соғысты тоқтатыңыздар», — деп жазды.
Сенатордың бұл мәлімдемесі Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленістің үдеуі, екі тараптың өзара соққылар алмасуы және қақтығыстың кең ауқымды сипат алу қаупінің артуы аясында айтылды.
The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ президенті Трамп Иранмен әскери қимылдардың қайта басталғаны туралы Конгреске ресми түрде хат жолдаған. Бұған дейін де Трамп Конгреске хат жолдап, хатында 2026 жылдың 28 ақпанында басталған әскери іс-қимылдардың тоқтатылғанын және 7 сәуірден бері АҚШ пен Иранның қарулы күштері арасында ешқандай атыс болмағанын айтты. Алайда Чак Шумер бұл мәлімдемеге сенімсіздік танытып, мұны негізсіз сандырақ деп атап, бұл соғыстың заңсыз екенін баса айтты.
Сондай-ақ ол республикашылдардың бұл қақтығысты қолдап, оның жалғасуына жол беруі адам өміріне қауіп төндіріп, елдегі хаосты күшейтетінін, сонымен қатар бағаның өсуіне әкеліп, оның шығынын қарапайым америкалықтар өтеп жатқанын мәлімдеген болатын.

















