Пәкістан премьер-министрі Шаһбаз Шариф лаңкестік топтардың Ауғанстан аумағынан Белуджистан мен Хайбер-Пахтунхва провинцияларына өтіп жатқанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Пәкістан премьер-министрі Шаһбаз Шариф еліндегі қарулы оппозицияның Ауғанстандағы баспаналарына тағы тоқталып, бұл топтар «Ауғанстаннан Белуджистан мен Хайбер-Пахтунхваға топ-тобымен өтіп, шабуылдар ұйымдастырып жатыр» деген уәж айтты.
Шаһбаз Шариф Кветта қаласында өткен «Ұлттық іс-қимыл жоспары» жөніндегі жоғары қалалық комитеттің отырысында: «Олар бұл лаңкестерді ақша және қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл лаңкестер Ауғанстаннан Белуджистан мен Хайбер-Пахтунхваға жаппай өтіп, шабуылдар жасайды», — деді.
Ол бұл мәлімдемесін Үндістанға таққан айыптауларының жалғасы ретінде айтып, Дели үкіметі аталған топтарды қаржылай және әскери тұрғыдан қолдап отыр деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, жағдайдың егжей-тегжейіне тоқталмастан: «Осыған ұқсас, бұл жерде айтқым келмейтін кейбір сыртқы күштердің де қатысы бар», — деді.
Бұл мәлімдеме Пәкістан армиясының баспасөз хатшысы Ахмед Шариф Чоудридің Белуджистандағы жуырдағы шабуылдарға Үндістан мен «Талибанның» қатысы бар деп айыптауынан бір күн өткен соң жасалды.
















