Иран Президенті Масуд Пезешкиан Әзербайжанмен қарым-қатынасқа қатысты пікір білдіріп, екі ел арасындағы шекараның өзара байланысты дамытуға кедергі болмайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Тегеранда Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаевпен кездесуінде мәлім етті.
Кездесу барысында Президент Пезешкиан екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың терең тамыр жайғанын атап айтып, осы берік негізді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін тиімді пайдалану қажеттігін қуаттады.
Пезешкиан: «Әзербайжан Иранның көршілес елдерге қатысты саясатында ерекше орын алады. Шекара Иран мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға кедергі болмайды», – деді.
Президент екі елдің ортақ шекарасы мен қолайлы географиялық орналасуы ұсынатын мүмкіндіктерді толық пайдаланып, өзара іс-қимылды күшейту және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту қажет екенін баса айтты.
Президент көлік саласындағы бағыттарға ерекше назар аударып, Иран мен Әзербайжан арасындағы құрлық, әуе және теміржол қатынастарын кеңейту маңызды екенін айтты.
Бұл ретте Пезешкиан: «Бұл бағыттар өзара нығайған сайын, екі халық арасындағы байланыстарды дамытуға соғұрлым мол мүмкіндік туады», -деді.
Сондай-ақ Масуд Пезешкиан Мұстафаевтың Иранның Жол және қала құрылысы министрі және Энергетика министрімен кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарға оң баға беріп, оларды жүзеге асыруды жеделдетуге шақырды.
Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев кездесу барысында Иран Президентіне Илһам Әлиевтің сәлемін жеткізді. Пезешкиан алғыс білдіріп, әріптесіне ізгі тілегін жолдады.
Мұстафаев елінің Иранмен қарым-қатынасты дамытуға деген ұстанымы берік екенін айтып, екі ел арасында қол қойылған келісімдер мен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын бақылаудың маңыздылығын қуаттады.
















