Швейцария Сыртқы істер министрлігі бүгін, жұма күнге жоспарланған Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздің өтпейтінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бүгін Швейцарияның Бюргеншток қаласында өтуі тиіс болған Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөз өтпейтін болды.
The Guardian басылымы да Швейцария Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, 14 тармақтан тұратын келісімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздің өтпейтінін растады. Мұның алдында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің Иранмен өзара түсіністік меморандумына қол қою үшін жұма күні Швейцарияға бармайтынын мәлімдеген Ақ үй өкілі Вашингтонның Иранмен техникалық келіссөздерді жақын арада бастауға мүдделі екенін айтты.
Ақ үй өкілінің айтуы бойынша, техникалық кеңестердің жоспары әлі нақтыланбағанымен, АҚШ делегациясы кез келген уақытта жолға шығуға дайын.
Сондай-ақ, «Әл-Маядин» телеарнасы кеше, бейсенбі күні кешке Иран Ислам Республикасының келіссөз жүргізуші делегациясы Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған шабуылдарының жалғасуына байланысты Швейцарияға сапарын уақытша тоқтатқанын хабарлады.
Айта кетейік, АҚШ пен Иран Ислам Республикасы 15 маусымға қараған түні 14 тармақтан тұратын өзара түсіністік туралы меморандум мәтіні нақтыланғанын ресми түрде жариялап, 18 маусымға қараған түні соғысты 60 күнге тоқтату туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Құжатта Ливанды қоса алғанда, барлық майданда әскери операцияларды дереу және біржола тоқтату көрсетілген.

















