Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы қақтығысты тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге шақырды.
Бұл туралы Қырғызстанда өткен ШЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Бішкек декларациясында айтылды.
Бішкек декларациясында: «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Таяу Шығыста және Иран төңірегіндегі ахуалға алаңдаушылық білдіре отырып, Иран Ислам Республикасының аумағына жасалған, бейбіт тұрғындардың қаза табуына және ел экономикасына орасан зор залал келуіне әкеп соққан әскери шабуылдарды қатаң айыптаған бұрынғы ұстанымын тағы да растайды»,-деп жазылған.
Құжатта мұндай әрекеттердің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен нормаларын өрескел бұзатыны баса айтылған. Сонымен қатар олардың халықаралық бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіретіні айтылып, Иран төңірегіндегі қақтығыс тек саяси-дипломатиялық тетіктер арқылы реттелуі тиіс екені көрсетілген.
Айта кетейік, Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Мерейтойлық саммитте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, экономика саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге дейінгі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Бішкек декларациясын қабылдады.
Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері кіреді.
Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қырғызстан төрағалық етіп отыр.
















