Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Ақорданың хабарлауынша, Президент консулдық ғимаратында Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылап сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін», – деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.



















