Сирия бойынша Астана процесі шеңберінде кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран делегацияларының қатысуымен екіжақты және үшжақты келіссөздер басталды.
Қазақстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Астана процесі аясындағы сириялық келіссөздердің кезекті 21-ші раундына қатысушылардың делегациялары Астанаға келуді жалғастыруда.
Астанаға Сирия үкіметінің делегациясы мен Қарулы Сирия оппозициясы келді.
Сирия үкіметі делегациясын Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары Бассам Саббағ, ал қарулы оппозицияны Ахмед Тома басқарып келді.
Ресей делегациясын РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқарады.
Түркия атынан ТР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Йылдыз қатысуда.
Иран делегациясын ИРИ Сыртқы істер министрінің арнайы саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Әли Асғар Хаджи басшылығымен қатысуда.
Біріккен Ұлттар Ұйымы делегациясын БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілінің орынбасары Нажат Рочди басқарды.
Кездесуге сондай-ақ, Иордания, Ливан, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест комитеті бақылаушылар ретінде қатысуда.
Ирак делегациясы бүгін кешке келеді деп күтілуде.
Бүгін және ертең, 24-25 қаңтарда екіжақты және үшжақты консультациялар өтеді.
Отырыстың күн тәртібінде Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалдың дамуы, САР-дағы кешенді реттеу жөніндегі күш-жігер, Сириядағы «жердегі» жағдай, терроризмге қарсы күрес, сенім шаралары, соның ішінде кепілге алынғандарды босату және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу, Сириядағы гуманитарлық жағдай және Сирия Араб Республикасын жанжалдан кейін қалпына келтіруді жеңілдету және сириялық босқындардың отанына оралуы мақсатында жағдай жасау үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру мәселелері қарастырылады.












