Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Консулдығында 2024 жылғы қаңтардың 23 күні парсы тілінің оқытушылары мен ирантанушылар, аудармашылар бас қосты.
Kz.eurasiatoday.ru тілшісінің хабарлауы бойынша қаңтардың 24 — Халықаралық білім күніне орай өткізілген үлкен жиынға Алматы қаласының жоғары оқу орындарында сабақ беретін парсы тілінің оқытушылары мен ирантанушылар және аудармашылар қатысты.
Алматыдағы ИИР Бас консулы Мохсен Фағани және Иран мәдени орталығының басшысы Хосейн Ағазаде ұйымдастырған басқосуда қатысушылар Қазақстанның ЖОО-дағы парсы тілінің жағдайы мен осы тілдің кейбір оқу орындарында жабылып қалуына байланысты оны жандандыру үшін пікірлерін ортаға салып, ұсыныс жасап, шешім жолдарын ұсынды.
Айта кетейік, парсы тілі Қазақстанда 1989 жылдан бері оқытылып келеді.
Қазір осы тілден сабақ беріп, аудармашылықпен айналысып жүрген мамандардың көбі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті және Абылай хан атындағы Әлем Тілдері және Халықаралық қатынастар университетінің түлектері.















