Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде сәуірдің 27 күні парсы тілінен олимдиада өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, олимпиада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылым онкүндігінің іс-шаралар күнтізбесі аясында Филология институты мен Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтті.
Олимпиаданың ашылуына Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фақани, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Рысбекова Жанар Қасымбекқызы, Филология институтының директоры Ашинова Күнипа Ахатовна, Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде, институттың басшылары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Филология институтының директоры Ашинова Күнипа кіріспе сөз сөйлеп, парсы тілінің маңыздылығына тоқталып, университетте парсы тілін оқып жатқан студенттерді үнемі қолдап, көмектесіп жүрген Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы мен мәдени өкілдігінің басшысына алғыс айтып, олимпиадаға қатысушы студенттерге сәттілік тіледі.
Мохсен Фақани және Хоссейн Ағазаде студенттердің Иранға барып оқу мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы баяндады.
Рысбекова Жанар Қасымбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, студенттерге сәттілік тіледі.
Олимпиадаға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қатысты.
Олимпиаданың жабылу салтанатында Хоссейн Ағазаде жеңімпаздарды марапаттап, ақшалай сыйақы табыстады.
Олимпиада нәтижесі бойынша 3 курс студенттері арасында өткен сайыста 1-орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Слам Аякөз, 2-орынды да осы университет студенті Базарбайқызы Аяжан алды. 3-орынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Аманжолова Айана, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Бекмурзина Аида мен Абдрахман Райжан ие болды.
4-орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Данияров Асхат, Бақытжанова Айдана және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Тобышбаева Ақсымбат иеленді.
4 курс студенттері арасында өткен сайыста Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Абдихалиқ Мәдина мен Мәдіоспан Аяжан 1-2 орынды өзара бөлісті.
Олимпиадаға қатысқан барлық студенттерге халықаралық деңгейдегі сертификат табысталды.
Соңғы жылдары дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан іс-шараға парсы тілін екінші шет тілі ретінде оқитын студенттер қатысты. Парсы тілінің олимпиадасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр.



















