Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар 2025 жылдың наурыз айының 31 күні Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.
Екі ел арасындағы іскерлік байланысты дамытуға айрықша назар аударылып, Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтеді.
Словения экожүйелерді қорғау және орнықты даму бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты арттыруға, соның ішінде экология, экономика және гуманитарлық бастамаларды нығайтуға тың мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Словения Республикасы – Балқан түбегінің Альпіге дейінгі бөлігінде орналасқан Орталық Еуропадағы мемлекет. Астанасы – Любляна қаласы. Аумағы жағынан әлемде 150-ші орында. 1991 жылы 25 маусымда тәуелсіздігін жариялады.
Қазақстан Республикасы мен Словения Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 ж. қазанның 20 күні орнатылды.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйектің 19 күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.












