Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов елінің ауған студенттеріне электр энергетикасы, теміржол, көлік және газ салаларында грант беруге дайын екенін мәлімдеді.
Ашхабадта Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов пен Ауғанстан Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Әмір Хан Моттақи бастаған делегацияның кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді қарастырды.
Осы тұрғыда тараптар Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАПИ) газ құбыры жобаларын, Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан (ТАП) жоғары вольтты электр беру желісін, сондай-ақ, Түркіменстаннан Ауғанстан бағытында темір жолын салуды одан әрі ілгерілету жөнінде пікір алмасты.
Ашхабадта Ауғанстанның дипломатиялық құзыры деңгейін арттыру, Ауғанстан жерінде ТАПИ жобасын жүзеге асыруды бастау, Түркіменстаннан электр энергиясын Гератқа импорттау, Ладжвард жолын қайта ашу, темір жолды кеңейту, Түркіменстаннан инвестиция салу туралы жан-жақты сұхбат болды.
Моттақи кездесуде екіжақты сауданы ұлғайту мақсатында Ауғанстан кәсіпкерлері мен көлік қызметкерлеріне Түркіменстанның визасын беруді жеңілдету туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ, ол Түркіменстанға ауғандық теміржол қызметкерлерін дайындағаны үшін алғыс айтып, ауғандық студенттерге берілетін грант санының артуына үміт білдірді.
Екі ел Сыртқы істер министрліктерінің басшылары Түркіменстанның жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында Ауғанстан экономикасының түрлі секторлары үшін білікті мамандарды даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуді де қарастырды.
Мередов елінің ауған студенттеріне электр энергетикасы, теміржол, көлік және газ салаларында грант беруге дайын екенін мәлімдеді.
Түркіменстан Сыртқы істер министрі Ауғанстанға темір жолды ұзарту өз елі үшін стратегиялық маңызды екенін айтты.
















