Түркіменстан кәсіпкерлері 19-23 ақпан аралығында Қазақстан астанасына іс-сапармен келеді.
Бұл туралы «Бизнес Түркіменстан» басылымы хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, іс-шараны Астана Дипломатиялық бизнес клубы ұйымдастырып отыр.
Түркіменстанның бизнес өкілдері сапар барысында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері және жетекші қазақстандық компаниялармен кездесулер өткізеді.
Сондай-ақ, түркімен кәсіпкерлері Astana Invest және өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі қызметімен танысады.
Сапар бағдарламасында «Астана» халықаралық қаржы орталығына бару да көзделген.
Алдағы іс-шараның басты мақсаты — бизнес саласында ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып, кеңейту мақсатында тәжірибе алмасу және осы саладағы жаңа бағыттардың мүмкіндіктерін ұсыну болып табылады.
Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 27 тамызда құрылды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас достық және стратегиялық түрде жүйелі дамып келеді.



















