Иранның Машһад қаласында Түркіменстанның Ахал уәлаятының басшысы Ровшен Ходжагулыев пен Иранның Солтүстік Хорасан провинциясының губернаторы Мохаммад Реза Хосейнежад кездесті.
Түркіменстан СІМ баспасөз қызметі мен Иранның ISNA агенттігінің мәліметінше, келіссөздер барысында тараптар Түркіменстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде Ахал уәлаяты мен Солтүстік Хорасан провинциясы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамытудың басты бағыттары талқыланды.
Түркіменстан делегациясының Иранға сапары аясында Ахал мен Солтүстік Хорасан өңірлері кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті.
Сондай-ақ, түркімен делегациясы Солтүстік Хорасанның өнеркәсіп, құрылыс өндірісі және мұнай-химия кешенімен танысты.
22 ақпан күні екі өңір дәрігерлерінің жеке кездесуі ұйымдастырылды.
Өткен аптада Түркіменстанның Ирандағы Бас консулы Ілияс Гайыпов Түркіменстан делегациясының Солтүстік Хорасанға сапары екі өңірдің әртүрлі салада бір-бірін жақынырақ тануға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.















