Иран астанасы Теһран қаласында Иран мен Түркіменстанның консулдық, шекаралық және кеден мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 16-шы отырысы өтті.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, кеше, 27 ақпанда екі ел арасындағы бірлескен шара барысында кеден бекеттерінде жүргізушілер ісін жеңілдету, шекара нарығын ашу сынды шекара және кеденге қатысты мәселелер талқыланды.
Іс-шарада түркімен делегациясын елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Гурбанов, Иран делегациясын осы елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлиреза Бикдели төрағалық етті.
Кездесуде тараптар былтырғы жылғы ақпан айында Ашхабадта өткен комиссия отырысы барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын талқылады. Сондай-ақ, Түркіменстан мен Иран екіжақты қатынасты одан әрі нығайту үшін барлық уағдаластықты жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Келіссөз соңында Түркіменстан мен Иран СІМ басшыларының орынбасарлары қорытынды хаттамаға қол қойды.
















